«Тұлпардан туған тұяқ — ел мерейін асқақтатар» демекші, бүгін мектебімізде дүбірлі додаларда ел намысын абыроймен қорғап, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында аударыспақтан алтын жүлде иеленген мектебіміздің түлегі Сырым Ізбасаровпен тағылымды кездесу кеші өтті.
Елдің мерейін үстем етіп, көк Туды көкке көтерген спортшының жеңісі — туған жері мен мектебі үшін үлкен мақтаныш. Сырымның спорттағы жетістігі — табандылықтың, қажыр-қайраттың, елге деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі.
Салтанатты шараға ауданның құрметті азаматы, кәсіпкер Д. Тұрдалиев, «Ауыл» партиясының Түркістан облысы бойынша филиалы төрағасының орынбасары Н. Әжіметов, Төлеби ауданының мәслихат депутаты Түркістан облыстық кәсіподақтар одағының төрағасы Б. Омаралиев, «Ауыл» партиясының Түркістан облысындағы филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Төрегелді Оразалыұлы Қалмұратов және ауыл әкімі А. Балтабаев арнайы қатысып, жеңімпазға жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Шараның шымылдығын мектеп директоры С. О. Даужанов ашып, мектебіміздің мақтанышын айтулы жеңісімен құттықтады. Директор өз сөзінде Сырымның биік белестерді бағындыруы — мектеп оқушыларына үлгі, жас ұрпаққа жігер беретін үлкен өнеге екенін атап өтті.
Кездесудің алғашқы бөлімінде мектеп өнерпаздары жеңімпазға арнап әннен шашу шашып, мың бұралған бишілер әсем билерімен көрермен көңілін тербеді. Өнер мен спорт тоғысқан бұл сәт ерекше мерекелік сипат алды.
Шараның екінші бөлімінде халқымыздың ежелден келе жатқан ақ баталы дәстүрі жалғасын тауып, ауыл ақсақалдары ел намысын қорғаған ерге ақ батасын берді. Ақсақалдардың батасынан кейін жеңімпазға тұлпар мінгізіліп, құрмет көрсетілді.
«Ер ел үшін туады, ел үшін қызмет етеді» дегендей, Сырым Ізбасаровтың жеңісі — кейінгі буынға жол көрсетер өнеге, туған елге деген адалдықтың айқын үлгісі.
Жеңісің құтты болсын, Сырым!
Тұлпарың тұлпардан озсын,
Көк байрағымыз көкте желбіресін,
Алдағы алар асуларың мен бағындырар белестерің бұдан да биік болсын!
Мектебіміздің мақтанышы — ел мақтанышы!